1.Ондағы өмірдің мәні мен мағынасы ашылған түйінді сөздер мен сөз қолданыстарын дәптерлеріңізге теріп жазыңыздар. Шағын ғана бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып сауда жасамақ болады. Сөйтіп алға қойған жоспарын бастап та жібереді. Ол ақкөңіл, жайдарлы болғандықтан, ауылдың адамдарының бәрі оны жақсы көретін. Оның дүкеніне барып сауда жасайтын. Ауылдың тұрғындары тамыр-таныстарына да сол адамнан сауда жасауға кеңес беретін. Шаруасын кішігірім дүкеннен бастаған адам, бір жылдың ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен сондай шағын дүкендер ашып тастайды. Бір күні ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезген адам, артында қалған үш ұлын қасына шақырып: – Үшеуіңнің біреуі барлық дүкендерімнің иесі болады. Мирасымды соған қалдырамын. Менің артымнан қалған дүние-мүлкіме қайсысың лайықты екенін білу үшін үшеуіңе де жүз-жүз тиыннан беремін. Осы тиындарға бір зат алыңдар. Кешкісін келгенде алған заттарың менің осы бөлмемді толығымен толтыруы керек. Шартым осы. Ұлдары үлкен сауда орталығын басқару мүмкіндігінен айырылып қалуды ойлап, не істерлерін білмей қатты абыржиды. Қалаға барып үшеуі де ақшасын жаратты. Кешкісін әкелерінің қасына келген кезде, үлкен баласы: – Досымның шаруашылығына барып екі қап сабан сатып алдым – деді де, қаптарды ашып сабанды әр тарапқа шаша бастады. Алайда көп ұзамай сабандар еденге түсіп, бөлмені толтыра алмады. Екінші баласы: – Дүкенге барып екі жастық алдым – деді де, жастықтарды сөгіп, ішіндегі жүнін бөлменің ішіне шашып тастады. Бірақ жүн де көп ұзамай жерге түсіп, бөлмені толтыра алмады. Үшінші ұлы: – Тиынды ұсақтап, елу тиынын мешітке бердім, жиырма тиынын қайырымдылық қорға бердім, жиырма тиынын әлеуметтік жағдайы төмен отбасына бердім. Қалған он тиынға екі нәрсе алдым – деді де, қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарды. Бөлменің жарығын сөндіріп, шырақты жақты. Сабан мен жүнге толмаған бөлме аз уақыттың ішінде шырақтың нұрына бөленді. Әкесі үшінші баласына риза болып: – Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің ең жақсы жолы – айналаңа жарық тарату, – деді. («Өмір сүрудің ең жақсы жолы». Өсиет әңгіме