1-тапсырма Берілген сөйлемдерді сабақтас құрмалас сөйлемдердің түрлеріне ажырат. Синтаксистік талдау жаса, бағыныңқы, басыңқы сыңарларын ажыратып көрсет.
Бірақ солардың ішінде өз көңіліңе өте ұнап, өзгелерден ыстық болып танылғандары бар. 2. Ал енді ол кітап дүкенге келіп түскенде, сенің қуанышыңда шек болмайды. 3. Оқушы ретінде менің де жан-тәніммен жақсы көрер, өзгелерден ерекше бағалар кітаптарым бар. 4. Отан үшін өз басымды өлімге байлай отырып, мен оларды ажалмен алысуға жұмсадым. 5. Бүркітбаймен қосылып, біржола қалып қояды. 6. Оның ашулы жүзін көрмейін деп, төмен тұқырып алғанмын. 7. Осы кезде үзіліс бітіп, профессор аудиторияға қайта кірді. 8. Меңтайдың ұры анық көзім жеткеннен кейін, бағана өзі айтқан қызыл көрпенің тарихын білгім келді.
2-тапсырма
Мәтінді түсініп оқы. Жай сөйлемдерді бір бөлек, құрмалас сөйлемдерді бір бөлек жаз. Құрмалас сөйлемдерді жасалу жолына және түрлеріне қарай ажырат.
1. Оны мен де сездім. 2. Өстіп отырғанымызда бірнеше минут өтті. 3. Шошып тұрмын, алайда ілгері қарай ұмтыла бердім. 4. Меңтайдың алдында жатқан сиясауытты көргенде осы оқиға есіме түсті. 5. Ол қорқып кетті, сондықтан артқа қарай шегіншектеді. 6. Ми айналып жерге түсердей ыстық. 7. Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп, бірақ оның бәрін ауыз шіркін айтып жеткізе ала ма? 8. Біз кейде қызықты әңгімелер айтып күлеміз, кейде соғыста мерт болған достарымызды ойлап жылаймыз. 9. Басқа қыздар мырс ете қалды. 10. Хатымды бүктедім де, тез почташыға бердім.
Үстеулер
Үстеу заттың әр қилы қимылы мен ісінің (етістіктің) әр түрлі сындық, бейнелік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік күй-жайлары мен сынның белгісін білдіретін сөз табы.
Үстеу сөздері морфологиялық құрылысы және құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады: негізгі үстеулер мен туынды үстеулер.
Үстеу сөздер мағынасына қарай таптастырғанда мынадай сегіз топқа бөлінеді.
1. Мезгіл үстеулер
2. Мекен үстеулер
3. Мөлшер үстеулері
4. Сын (бейне) үстеулері
5. Күшейту (я ұлғайту) үстеулері
6. Мақсат үстеулері
7. Себеп-салдар үстеулері
8. Топтау (бөлу) үстеулері
Мезгіл үстеулер
Мезгіл үстеуі қашан? қашаннан? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың, іс-әрекеттің мезгілін, мерзімін, уақытын білдіреді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: таңертеңнен (қашаннан?) кетті, жазғытұрым (қашан?) келеді, ала жаздай (қашан?) еңбектенді, күні-түні (қашан?) оқыды, т. б.
Мекен үстеулер
Мекен үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің орындалатын орнын, мекенін көрсетіп, қайда? қайдан? қалай қарай? сұрақтарына жауап береді. Мысалы: Тауға қарай (қалай қарай?) өрмелеу, алға (қайда?) жылжыды, ілгері-кейін (қайда?) қозғалды, жоғарыдан (қайдан?) түсті, т. б.
Сын (бейне) үстеулері
Сын-қимыл (бейне) үстеуі іс-әрекеттің, қимылдың амалын, тәсілін, сын-бейнесін білдіреді. Сұрақтары: қайтіп? қалайша? қалай? кімше? Мысалы: Ақырын (қалай?) жүгірді, қазша (қалайша?) қаңқылдады, бекерден-бекер (қалай?) отырма, балаша (кімше?) мәз-мейрам болды, бүркіттейін (қалайша?) шүйілді, қолма-қол (қалай?) хабарласты, т. б.
Мөлшер үстеулері
Мөлшер үстеуі қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеуі сынның немесе қимылдың көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіреді. Мөлшер үстеуі етістікпен тіркесіп келгенде қимылдың шама-шарқын, мөлшерін білдіреді. Мысалы: сонша (қанша?) шаршапты, біршама (қаншама?) кешігіп қалды, недәуір (қалай?) өскен екен. Ал сонша (қанша?) биік, біршама (қанша?) алыс, недәуір (қалай?) ұзақ дегенде мөлшер үстеулер сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін, көлемін білдіреді.
Күшейту (я ұлғайту) үстеулері
Күшейткіш үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің, сынның сапасын, белгісін не солғындатып, не күшейтіп көрсетеді. Сұрағы: қалай? Мысалы: әбден жүдепті, керемет биледі, мүлдем қозғалта алмады. Сонымен бірге күшейткіш үстеуге сын есімнің күшейтпелі шырайын жасайтын ең (биік), өте (салмақты), аса (терең), тым (терең), кілең (жүйрік) сөздері де жатады.
Мақсат үстеулері
Мақсат үстеуі не мақсатпен? қалай? деген сұраққа жауап беріп, іс-әрекеттің, қимылдың орындалу мақсатын білдіреді. Мысалы: әдейі айтты, қасақана кетіп қалды, жорта білмегенсіді, әдейілеп шақырды.
Себеп-салдар үстеулері
Себеп-салдар үстеуі не себепті? қалай? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп-салдар үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін білдіреді. Себеп-салдар үстеуіне: құр босқа, лажсыздан, босқа, амалсыздан, бекерге, шарасыздан сөздері жатады. Бұл сөздер етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы, босқа ренжіді, лажсыздан келісті, т. б.
Үстеу сөздер етістікпен тіркесіп қолданылады.