«Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, шығармалық және қайраткерлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған. «Абай жолы» роман-эпопеясына шетелдік қаламгерлер Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип т.б.жоғары баға береді. Әуезов алғашқыда романға «Телғара» деген ат бермек болды. Автордың алғашқы мөлшерлеуінде роман үш кітаптан құралмақшы болатын. Алайда жұмыс барысында оның шеңбері кеңейе түсті. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай», онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын) романын жазды. 1-кітабы 1942 жылы, 2-сі 1947 жылы, 3-сі 1952 жылы, 4-томы 1956 жылы жарыққа шықты. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін, ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Жазушы ойшыл, ақын Абайды басты кейіпкер етіп ала отырып, оның бейнесін айналасына топтасқан көптеген қаһармандармен тығыз қарым-қатынас үстінде жан-жақты ашады.«Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ халқының этнография, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұрт, болыс сайлауы, дауға билік айту т.б. бәрі бар. Оқиғалар мен фактілерді баяндау үстінде жазушы өмірлік тартысты барынша ашып көрсетуге, оның әлеуметтік мәнін күшейтуге тырысады. Белгілі фактілердің шеңберімен шектелмей, қажет жағдайда бүкіл баяндаудың барлық желісін бір түйінге келтіру үшін, басты мәселелерді бір арнаға түсіріп, түйістіру үшін болған оқиға барысын өзгертіп, өзінше қиыстырып, жаңғыртады. Романдағы түгелдей немесе жарым-жартылай ойдан шығарылған көптеген кейіпкерлердің тағдыры өмірде болғандай кескін-кейіпке ие болып, жалпы тарихи даму бағытымен байланысты, біртұтас көркемдік ойдың өзегімен тығыз ұстасып жатады. Тарихи оқиғалар мен фактілердің бәрі роман-эпопеяның бүкіл мазмұнымен тығыз ұштасып, шығарманың көркемдік өміріне орайлас мән-мағынасы басқаша ашыла түседі. Жазушы көркем шығарманың өз заңдылықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануға күш салады. Яғни жазушы кейіпкердің өмірде болған адамның жай көшірмесі ғана болмай, типтік тұлға дәрежесіне көтеріліп суреттелуін ұтымды көрді. «Абай жолы» эпопеясының ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ана тілімізді өркендетудегі рөлі орасан зор. Эпопеяның кең мағынасында тарих, этногрофия секілді ғылымдар тұрғысынан қарағанда да танымдық мәні аса күшті екенін кезінде академик Қ.Сәтбаев атап көрсеткен болатын. «Абай жолы» дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.Бір айта кетерлігі – Кеңес үкіметі кезінде болған қатал цензураның арқасында жазушы Мұхтар Әуезов көптеген жайттарды тарихи шындықтан алшақтап, көркем шындыққа қол жеткізуге тырысты. Жазушының одан басқа амалы болмады. Сондықтан да Құнанбай образы біршама шындықтан ауытқыды. Алайда көркем туынды ретінде бұл- дұрыс шешім еді. Олай жасалмаса Абай образы қажет деңгейіне көтеріле алмас еді деген пікірді ұстанатын да ғалымдар бар. Қалай дегенмен де, «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқының энциклопедиясы деуге тұрарлық тарихи роман бола алды. Тұрмыс-салт пен дәстүр нағыз қазақы бояу-нақышымен үлкен суреткерлік шеберлікпен жарық көрді. Сондықтан да «Абай жолын» ұстаздар әрбір қазақ баласына оқып шығуға кеңес беріп келеді. Роман-эпопеяда бала Абайдың дана Абайға айналу жолы, көптеген қақтығысты оқиғалармен өқріле отырып, сол дәуірдегі қазақтың өмір-салты түгел дерлік суреттелдген деуге болады.
ӨНЕР-БІЛІМ БАР ЖҰРТТАР Өнер-білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, Көзінді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды. Аты жоқ құр арбаны Мың шақырым жерлерге Күн жарымда барғызды, Мал істейтін жұмысты От пен суға түсірді, Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді. Теңізде жүзді балықтай. Білгендерге осылар Бәрі дағы анықтай, Білмегенге танықтай. Біз де бекер жатпалық Осыларға таныспай. Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай. Желкілдеп шыққан көк шөптей, Жаңа өспірім достарым, Қатарың кетті-ау, алысқа-ай! Біз надан боп өсірдік Иектегі сақалды. ,,Өнер — жігіт көркі" деп, Ескермедік мақалды... Біз болмасақ, сіз барсыз, Үміт еткен достарым, Сіздерге бердім батамды!
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзінді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге
Күн жарымда барғызды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді,
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай.
Білгендерге осылар
Бәрі дағы анықтай,
Білмегенге танықтай.
Біз де бекер жатпалық
Осыларға таныспай.
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау, алысқа-ай!
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
,,Өнер — жігіт көркі" деп,
Ескермедік мақалды...
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды!
Автор: Ыбырай Алтынсарин