4. Әрине, келешектің көкжиегін кеңіту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуі қажет-ақ. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жаса.
Жазылым
Төменде берілген мәтінді оқып, оның мазмұны мен көтерілген басты мәселесін, мәтіннің толық нұсқасын оқуға мақсатты аудиторияның қызығушылығын тудыратындай ғылыми-ақпараттық стильде аннотация жазыңыз.
Аннотация жазуда келесі клишелерді қолданыңыз:
мақалада ... қарастырылады, мақала ... арналған, мақалада ... көрсетіледі, мақаланың негізінде ... жатыр, автор ... мәселелерге тоқталады, автор ... мәселелерін қозғайды, автордың/мақаланың мақсаты...
[10]
Түркі руна жазбалары
Түркілердің жазуы туралы ең алғашқы мәліметтерді қытай деректерінен кездестіре аламыз. Негізінен түркі жазуының пайда болған уақыты V ғасыр деп есептеледі. Ал нақтырақ айтқанда, түркілер IV ғасырдың екінші жартысында өз жазуларын кең ауқымда қолданған.
Түркілер басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасағанда, өз жазуларын қолданғаны жайлы көптеген мәліметтер бар. Мысалға алғанда, Византия императорына түркі елшісі қағанның жазған хатын алып барған. Мұны Менандр Протектор өз естелігінде көрсеткен.
Орта ғасырды алғанда түркілердің төл жазуы және алфавиті болған. Әр рулардың таңбалары негізінен жасалған алфавиттік құрамда 35 әріп бар. Ал көне түркі жазуы руна немесе сына жазуы деп аталған.
Көне түркі жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағынан көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Бұл тастарда түркілердің атақты билеушісі мен ақылгөйлері – Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк құрметіне арналып жазылған руна жазулары сақталған. Ал Қазақстан аумағында Талас, Іле өзендерінің аңғарынан да көне түркі жазуының ескерткіштері табылған. Түркінің жазба ескерткіштерінің көп кездесетін жері – Сібір өлкесіндегі Енисей өзенінің бойы. Жазулар құлпытастарға, қыш пен металдарға және басқа да заттарға қашалып жазылған. Осыдан шығатын қорытынды, VII-IX ғасырлар аралығында Қазақстан аумағында ортағасырлық мемлекеттерде көне руналық түркі жазуы қолданылу аясы біршама зор болған.
Қазіргі ғылымда жиі естілетін «руна», «рунология» сөздерінің қандай мағына беретінін көбісі біле бермейді. «Руна» «әріп» және «белгі» дегенді білдірмейді. Оны «құпия» және «белгісіз» сөздерімен ұштастыруға болды. «Руна» сөзі – латынның «арканум» (мысал, «Таро арқаны») немесе грекше «мистерион» (мистерия) сөздерінің аналогі. Бұл мәліметтер руна сөзінің мағынасы туралы құнды дәлелдер береді.
Үстеулер
Үстеу заттың әр қилы қимылы мен ісінің (етістіктің) әр түрлі сындық, бейнелік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік күй-жайлары мен сынның белгісін білдіретін сөз табы.
Үстеу сөздері морфологиялық құрылысы және құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады: негізгі үстеулер мен туынды үстеулер.
Үстеу сөздер мағынасына қарай таптастырғанда мынадай сегіз топқа бөлінеді.
1. Мезгіл үстеулер
2. Мекен үстеулер
3. Мөлшер үстеулері
4. Сын (бейне) үстеулері
5. Күшейту (я ұлғайту) үстеулері
6. Мақсат үстеулері
7. Себеп-салдар үстеулері
8. Топтау (бөлу) үстеулері
Мезгіл үстеулер
Мезгіл үстеуі қашан? қашаннан? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың, іс-әрекеттің мезгілін, мерзімін, уақытын білдіреді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: таңертеңнен (қашаннан?) кетті, жазғытұрым (қашан?) келеді, ала жаздай (қашан?) еңбектенді, күні-түні (қашан?) оқыды, т. б.
Мекен үстеулер
Мекен үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің орындалатын орнын, мекенін көрсетіп, қайда? қайдан? қалай қарай? сұрақтарына жауап береді. Мысалы: Тауға қарай (қалай қарай?) өрмелеу, алға (қайда?) жылжыды, ілгері-кейін (қайда?) қозғалды, жоғарыдан (қайдан?) түсті, т. б.
Сын (бейне) үстеулері
Сын-қимыл (бейне) үстеуі іс-әрекеттің, қимылдың амалын, тәсілін, сын-бейнесін білдіреді. Сұрақтары: қайтіп? қалайша? қалай? кімше? Мысалы: Ақырын (қалай?) жүгірді, қазша (қалайша?) қаңқылдады, бекерден-бекер (қалай?) отырма, балаша (кімше?) мәз-мейрам болды, бүркіттейін (қалайша?) шүйілді, қолма-қол (қалай?) хабарласты, т. б.
Мөлшер үстеулері
Мөлшер үстеуі қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеуі сынның немесе қимылдың көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіреді. Мөлшер үстеуі етістікпен тіркесіп келгенде қимылдың шама-шарқын, мөлшерін білдіреді. Мысалы: сонша (қанша?) шаршапты, біршама (қаншама?) кешігіп қалды, недәуір (қалай?) өскен екен. Ал сонша (қанша?) биік, біршама (қанша?) алыс, недәуір (қалай?) ұзақ дегенде мөлшер үстеулер сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін, көлемін білдіреді.
Күшейту (я ұлғайту) үстеулері
Күшейткіш үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің, сынның сапасын, белгісін не солғындатып, не күшейтіп көрсетеді. Сұрағы: қалай? Мысалы: әбден жүдепті, керемет биледі, мүлдем қозғалта алмады. Сонымен бірге күшейткіш үстеуге сын есімнің күшейтпелі шырайын жасайтын ең (биік), өте (салмақты), аса (терең), тым (терең), кілең (жүйрік) сөздері де жатады.
Мақсат үстеулері
Мақсат үстеуі не мақсатпен? қалай? деген сұраққа жауап беріп, іс-әрекеттің, қимылдың орындалу мақсатын білдіреді. Мысалы: әдейі айтты, қасақана кетіп қалды, жорта білмегенсіді, әдейілеп шақырды.
Себеп-салдар үстеулері
Себеп-салдар үстеуі не себепті? қалай? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп-салдар үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін білдіреді. Себеп-салдар үстеуіне: құр босқа, лажсыздан, босқа, амалсыздан, бекерге, шарасыздан сөздері жатады. Бұл сөздер етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы, босқа ренжіді, лажсыздан келісті, т. б.
Үстеу сөздер етістікпен тіркесіп қолданылады.