Балапан журналы - Омбыдағы «Бірлік» жастар ұйымының 1916-1918 жылдары жариялап тұрған қолжазба әдеби журналы. Редакторы - Қ.Кемеңгерұлы. М.Жұмабайдың «Балапан» қанат қақты» атты аллегориялық әңгімесі осы басылым туралы. Бұл журнал жөнінде С.Садуақасұлы «бірыңғай беллетристика жариялайтын басылым» деп көрсетеді. Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты зерттеуінде «Балапанның» 1917 жылғы 5-санынан үзінді келтірілген. Мұнда коғамның ауыр халі ащы сыналады. Бұл журнал Алашқа тыныс болған жас толқынның қалам тәжірибесін шындаған мектеп болып тарихқа енді.