Оқылым
Мәтінді мұқият оқып, төмендегі тапсырмаларды орындаңдар
21 ғасыр ғылым мен техниканың дамып, жаңа белеске шыққан кезеңі десем, артық болмас. Бұлай айтудың себебі, бүгінгі таңда ғалымдар күн сайын технология әлемінде түрлі жаңалықтар ашып, тіпті адам өмірін жеңілдететін адамға ұқсас роботтарды ойлап табуда. Бүгінгі үдемелі жаһандану кезеңінде, әлем күрделі технологиялық серпінді өзгерістердің табалдырығында тұр. Өмірге бұрын-соңды кездеспеген материалдар, тұрмыс бұйымдары, өндіріс құралдары, қалдықсыз, қауіпсіз қуат көздері келе жатыр.
Қазіргі таңда адамдар үш ұйықтаса түсіне кірмеген түрлі өнертабыстар күн сайын ойластырылып, жасалуда. Мысалы, бұрын адамдар көз майын тауысып, қағаз басу үшін қаншама әріп терсе, ендігәрі оның барлығын электронды түрде көшірме жасап немесе сканерлеп алуға болады. Заман алға жылжыған сайын өнертабыстағы жаңа технология ғасыры жаңарып барады. Өткен ғасырда әйгілі Нобель сыйлығына ие болған ғылыми жаңалықтың тұрмысқа енуіне 30-40 жыл қажет болса, бүгінде бұл уақыт қас пен көздің арасында ғана, ен көп дегені 4 - 5 жылдан аспайды. Тіпті ойламаған нәрселердің өзі өнертабыстың құрамдас бөлігі ретінде кәдеге асып жатыр.
Технологиядағы жаңа дәуірде көздің жауын алатын әлі талай өнертабыс түрлері ойластырылатынына сенімдімін.Бұл қазіргі уақыттың қажеттілігі мен тенденциясы деп айтсақ та болады.
1.Мәтін бойынша 2 сұрақ құраңдар
2.Сұраққа жауап беріңдер. «Өнертапқыш» деп кімді айтамыз?
3.Мәтіндегі 2 сөз тіркестен сөйлем құраңдар:технология әлемі,қазіргі уақыт
Сотқар мысық
Біздің үйімізде кішкене мысығымыз бар. Бәріміз оны жақсы көреміз, өзі сондай сүйкімді, ойнағанды жақсы көреді. Енді бір күні мысығымыз не істеді десеңізші? Анам жұмысқа кетерде кешкі тамақ әзірлеуге мұздатқыштан балық шығарып кетпей пе, кешке дейін жібіп тұрсын деп. Сөйтіп, мен сабақтан ерте келіп кешкі ас дайындамақ болсам, әлгі сүйкімді мысығымыз жібіп тұрған балықты жеп қойыпты. Не күлерімді, не жыларымды білмей, ақырында басқа тамақ әзірлеуге тура келді. Бұл оқиға біразға дейін есімізде қалатын болды. Содан бері мысығымыздың екінші аты "сотқар мысық" болды.
Сотқар мысық.
Әкем менің туған күніме қара ала,мамық жүнді мысық әкеп берген болатын.Алғаш көргенімде мысығым сүйкімді әрі қорқақтау болды.Оның үлкен дөңгелек көздері,басының көлемінен үлкендеу құлақтары мені өзіне баураған еді.Қазір мысығымның менің үйімде тұрып жатқанына екі жылдай болыпты.Оның бойынан,әрекеттерінен өзгешіліктерді байқайтын болдым.Мысығым көп ұйықтайтын болды және біз тамақ бермесек көрші үйлерден ұрлап жеп келетінді шығарды.Алысқа ұзап кетпесін деп мен оған жиі тамақ беріп тұруды жөн көрдім.Алайда ол көп уақыт үйге келмеуін жалғастыра берді.Бір күні оны сыртынан бақылайын деп тамақты ыдысына салдым да келесі бөлме есігінен қарап тұрдым.Ол тамақты бір екі рет жалады да тістеп алып далаға шығып кетті.Енді терезеден қарасам,сыртқы есік алдында үш мысық тұр.Ал менің мысығым тістеп апарған тамағын солардың алдына тастады.Бұл төртеуге тағы екеуі қосылды.Осылайша,мен мысығымның сотқар әрі қамқор мысықтардың бірі екендігіне көзімді жеткіздім.