.Қазы-қарта, жал-жая - қазақтың дәстүрлі Ұлттық тағамы; жылқы етінің ең таңдаулы әрі сыйлы мүшелері.Қазы – жылқы етінің кәделі мүшелердің бірі. Ол жылқының қабырғалары мен белдемелерінің етегіне жиналатын аса шұрайлы, майлы ет. Қазы жасау үшін екі бұғана қабырға, екі тілше қабырғадан басқа қабырғалар алынады. Қазыны ішекке тығады. Әр қос қабырғадарың ішкі жағындағы шеміршегін кесіп тастайды. Ішекке тығу үшін қабырғалардың арасын ажыратып тіліп, әр қабырғаға май мен етін тең етіп бөледі, бірақ ет пен май қабырғадан сылынып қалмауы керек. Қазыны ішекке тығар алдында тұздап, 2-3 тәулік тұзын бойына сіңіріп қояды. Содан кейін 1-2 сағат суық суға салады. Содан кейін ішекке тығып, екі басын біріктіріп байлайды. Содан соң сырыққа немесе керілген жіпке 8-10 сағат іліп, жел қақтырады. Қазы және қос қазы формасы жағынан жарты шеңберге ұқсас болып жығады. Қазыны ыстау, сурлеу үшін түтінге 13-27 сағат ыстайды. Қазыны 2-2,5 сағатқа жайлап пісіреді. Қазыны сыйлы қонақтарға басқа асқан етке қосып береді. Қазыны ыстық күйінде де,тоңазытып тажеуге болады. Қазыға: 400г қазы, 2-3 сарымсақтың бөлігі қосады. Бұрышпен тұзды татымына қарай салады.Қарта – жылқы етінің ең кәделі мүшелерінің бірі. Жылқы сойғанда ең алдымен қартаны ішіндегісінен босатып, айналдырады да, салқын суға жуып тазалайды. Қартаны дәміне келтіру үшін тұздайды, бұрыш сеуіп, пияз турап қосады. Бұдан соң ыстап сүрлеуге арналған қартаны бойына тұзын сіңіріп, салқын жерге (1-2 градус) 1-2 күн қояды. Қартаны 12-18 сағат бойы түтінге ыстайды. Содан кейін 12-15 градус температурада 2-3 күн сақтап кептіреді. Қартаны пісіру үшін салқын суға жуып, қазандағы жылы суға салып, отты баяулатып әбден піскенше 1,5-2 сағат қайнатады. Қартаны асқан етке қосып береді.
Бауырсақ шай, қымыз, шұбат ішкенде дастарқанға бауырсақ салады. Бауырсақты жоғары немесе бірінші сортты бидай ұнынан пісіреді. Оны қамырды ашытып та ашытпай да дайындауға болады. Ашытпай пісірген бауырсақ көпке шыдайды, ал ашытып пісірілген бауырсақ кеуіп қалса, жеуге жайсыз болады. Ашымаған қамырдан бауырсақ пісіру үшін ұнға май, жұмыртқа, сүт, тұз салып илейді (айран құйса даболады). Қамырды иін қандыра қатты илеп қоя тұру керек. Содан кейін қамырды жазып, төрт бұрыштап кесіп немесе жіңішкелеу етіп есіп алып, содан кейін кессе да болады. Кесіп дайындаған бауырсақтың бетін кеуіп кетпеу үшін жауып қойған жөн. Қазанға май салып әбден қыздырып алған соң, бауырсақ майдың мөлшеріне қарай салынады. Бауырсақты үздіксіз араластырып тұрса, бір келкі болып піседі. От қатты жанса, бауырсақтың іші шикі болады немесе тым қызарып кетеді. Қызыл-күрең болып піскен бауырсақ сәнді де, дәмді де болады. 4-5 стақан бидай ұны, 1стақан сүт (немесе су), 1 шай қасық тұз, 2 ас қасық сары май, 2 жұмыртқа керек. Ашытқан қамырдан бауырсақ пісіру үшін жылы суға ашытқы, қант, ұн салып жылы жерге қою керек. Ашықты көпіршектеніп ашыған кезде тұз, май, жұмыртқа, ұн салып өте жұмсақ етіп иін қандыра илейді. Жұмсақ иленген бауырсақ жақсы қабарып, жұмсақ болып піседі. 4-5 стақан бидай ұны, бір ас қасық ашытқы, 2 ас қасық қант, 1 шай қасық тұз, 1 стақан сұйық май, 1 стақан сүт (немесе су), 2 жұмыртқа. Ашытқан қамырды есіп, жұқалап жаяды да, бір-келкі етіп кеседі, тақтайға немесе табаққа бір-бірлеп тізіп, 10-15 минут қойып, қабарғаннан кейін пісірсе, іші шикі болмайды. Бауырсақты қалыңдығы 2 см етіп жайып, қызып тұрған майға пісіреді.